Бірде белгілі блогер Ержан Рашевтің6 Instagram-да махаббат туралы жазған, бірақ «мен қазақ-атеистпін...» деп басталатын постына «like» бастым. Сол кезде бір жігіт маған directке: «Қуаныш аға, мен атеистпін деген адамға қалай «like» басасыз?», – деп сұрады. Сонда адамдар «біреу атеист екен», «неге оған «like» басады» деп қанша күш жұмсайды. Біз өз күшімізді болмайтын, өзіміз әсер ете алмайтын нәрсеге зая кетіретінімізді тағы бір мәрте еске салғым келеді. Бір қисса есіме түсті: Баяғыда бір адам «әлемді өзгертемін» деген екен. Әлемді өзгерте алмағаннан кейін «елімді өзгертемін» деген екен. Елін өзгерте алмағаннан кейін, «өзімнің қаламды өзгертемін» деген екен, қаласын өзгерте алмаған соң, «отбасымды өзгертем» деген, ол да болмаған соң, «ең болмаса, өзімді өзгертейін» деп айтқан екен. Өмірі өтіп, өзін өзгерткеннен кейін, отбасының да өзгергенін байқаған. Сол кезде: «Мен қателесіппін. Әлемді өзгертпес бұрын, өзімді өзгертуім керек еді. Өзімді өзгерткенде, қасымдағылар да өзгеретін еді» деген екен. Сондықтан да энергиямызды, күш-қуатымызды өзіміз әсер ете алмайтын нәрсеге жұмсамау өте оңай және маңызды лайфхак деп білемін.

Неге бізге қатысы жоқ мәселеге бұлқан-талқан болып, күйіп-пісіп, энергиямызды кетіріп, уақытымызды жоғалтамыз? Басқаға уақыт тапсақ, неліктен өзімізге уақыт таппасқа?

Менен көптеген азаматтар: «Қуаныш мырза, қалайша осыншама кітап оқисыз?», – деп сұрайды. Жауабым оп-оңай: біреуді өсектемесең, жаңа әліпби ойлап таппасаң, бостан бос уақытыңды алатын таныстардан құтылсаң, онда кітап оқуға да уақытың жетеді.

Алдыңғы жылы алпыс екі кітап оқып шықтым, осы жылы жетпіске жеткіздім. Кітап оқу – өзіңді дамытудың негізгі құрамдас бөлігі, осыны ұмытпа. Уақытты зая кетірмей, кітаптан білім нәрімен сусындап, шөліңді қандыр. Ескертетінім, кітаптың соңында, маған пайдасы тиген кітаптар мен фильмдердің тізімін беремін, кәдеге жарар деп ойлаймын.

Тағы бір мәселе – біз өзімізге «адвокат», ал біреуге «прокурормыз». Қазір біреуге кішігірім болса да сын айтып көрші, мысалы, «Неге кешіктің?» десең, өзін ақтап алу үшін елу екі сылтау ойлап табады. Ал кешігіп баршы, «неге біреудің уақытын бағаламайсың?», «ерте шықпадың ба», «өзінше болып кетіпті» дегендей, бұған да елу екі сын тауып береді. Біреудің бойынан мін іздегенше, өзіңді түзет, мінсіз нұсқаңа талпын. Өзгемен емес, өзіңмен жарыс!

«Versus» академиясында талай дәріс өткізіп, кейстерді қарастырдық. Бес жүз мың теңге алып (иә, бір адамнан, демек, оның ақшасы бар), он мың теңге алып та, тегін де тренинг өткіздік. Үңіліп қарасақ, бәрінде мәселе бір – көп адамда мақсат жоқ! Бірақ бұл қалыпты жағдай. Себебі, мақсатты айқындау – қиын нәрсе.


Бізде тағы жетістік жоқ! Қазіргі таңда барлығы да шет тілдерін үйреніп жүр, заман талабына еліктейді.

Курстарға жазылдым, тіл үйреніп жүрмін ғой деп өзін алдайды, түбінде ештеңе шықпайды. Ал шын мәнінде, жұрттан қалмау үшін емес, өзі үшін оқыса, IELTS 7 балл алса, жылына үш мың сөз жаттаса, міне, бұл – жетістік. Тағы бір айтып өтетін мәселе – бізде мотивация жоқ.

Маған келетін адамдардың 80%-ының айтатыны: «Қуаныш аға, маған мотивация беріңізші». Келіп, палау сұраса берер едім, ал мотивация деген – кейде бар, кейде жоқ нәрсе ғой.

Қазіргі заманда ең қиын кезең – ол жазғы және қысқы демалыс уақыты. Достарыңның барлығы қыста Тайландқа, ал жазда Түркияға демалуға кетеді. Сенің де барғың келеді-ақ, бірақ мүмкіндігің жоқ. Басқаларға әрине, «ақша жоқ» деп айтпайсың, «уақыт жоқ» дейсің.

Бизнесте сәтсіздікке ұшыраған жағдайда «бұйырмады», «көз тиді», «тағдыр жазбады» деген әңгімелер айтылады. Оның себебін өзінен көрмейді, өзге біреуге немесе басқа бір жағдайға жаба салады.

Қарызға белшеден бату, кредит – бұл да, қазіргі таңда өте өзекті де, өміршең мәселелердің бірі. Кредит кімде жоқ дейсің, барлығында бар.

Instagram-ға бір қыз жазады:

«Қуаныш аға айына он жеті мың кредитім бар еді, соны төлеп беріңізші» деп, санап көрсем, кредиті жүз елу мың екен. Әрі қарай оқуға оңай болу үшін, ол әңгімені диалог түрінде келтірейін:


–Ашылып жазып жатыр екенсің, бізге кел, жұмыс жаса, – дедім.

–Аға, жастайымнан тұрмыс құрдым, одан соң ажырасып кеттім, қолымнан ештеңе келмейді, – деп әлгі қыз жауап қайтарды.

–Онда ыдыс-аяқ жуушы бол, он бес күн жұмыс істейсің, айына жетпіс екі мың теңге аласың.

–Жоқ, мен Алматыға бара алмаймын, тұратын жерім жоқ.

–Тұратын жеріңді реттеп берейін.

–Жоқ, әке-шешем бар, оларға қарауым керек, бара алмаймын…


Сондағысы, жүз елу мыңды «бере сал» деп тұр ғой. Ал, «не үшін береді», «неге беруі керек» деген сұрақ ол адамда туындамады. Жұмыс бұйырып тұр. Белшеден батқан қарыздан, бітпейтін кредиттен құтылудың бір ғана амалы – тұрақты жұмыс. Көсіліп, түсіндірмей-ақ қояйын, өзің де қорытынды жасаған шығарсың, құрметті оқырман…

Адамдардың көпшілігі өздерінің армандарынан өздері қорқады. «Неге?», «Бұл қалай болғаны?» деп ойлаймын. Бұған мақсат, мотивация мен жетістіктің жоқтығы себепкер. Өткен жылы QAZAQSTAN ұлттық телеарнасында еліміздегі алғашқы бизнес туралы реалити-шоу ұйымдастырдық, «Үміткер» деп аталады. Онда жеңіске жеткен ең үздік үміткерге бес миллион теңге жылдық жалақы мен қосымша бес миллион теңге сыйақы, яғни барлығы он миллион теңге беріледі. Шын мәнінде, осы қаражатқа қол жеткіземін деп армандап келгендер көп болды. Бірақ басым бөлігі өз арманына сенбей, одан үркіп, жарты жолда жобадан шығып қалды. Арманына қол жеткізе алатындығына сенімсіз адам – өзіне-өзі сенімсіз.